Мәдениет

«Аққу» жеңімпаз атанды

Қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш балет бишісі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген артисіНұрсұлу Тапалованың туғанына 100 жыл толуына орай Ақтөбеде «Аққу — 2023» республикалық бишілер байқауыөтті.

Байқауға Жамбыл, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстарынан, Шымкент қаласынан және өз аймағымыздан 9 өнер ұжымы қатысты. Бәрі де — көпжылдық тарихы бар, елімізде ғана емес, шетелдерде де өнер көрсетіп, республикалық, халықаралық байқауларға қатысып жүрген белгілі ұжымдар. Ақтөбе облысының атынан би бәйгесіне «Аққу» би ансамблі қосылды.

Қазақ би өнерінің тарихында есімі алтын әріптермен жазылатын әсіресе балет өнерінің бастауында тұрған тұлғалардың бірі, жерлесіміз Нұрсұлу Тапалованың атындағы би байқауы облысымызда бұрыннан өткізіліп келеді. Оны облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырып жүр. Сондай-ақ Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның құрамындағы «Аққу» би ансамблі де өз саласында еліміз бойынша абыройлы ұжымдардың бірі. Сондықтан облыстық филармония басшылығы да «Аққудың» атынан би байқауын қолға алуды жөн көріпті. Міне, осы екі ұжым биыл Нұрсұлу Тапалованың ғасырлық мерейтойына орай бірлесіп, үлкен байқау өткізіп отыр. Оның ұйымдастырылуына облыс әкімдігі мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы қолдау көрсетті.

Ақтөбеліктер екі күн бойы би өнерінің мерекесіне куә болды. «Аққу» би ансамблінің «Ене тәрбиесі» (биді қоюшы Г.Мәмбетова) және «Сапура» (Г.Мәмбетова) билері, Шымкент қаласынан келген «Қарагөз» ансамблінің Нұрсұлу Тапаловаға арнап шығарылған «Арнау» биі (Д.Әзизханова), т.б. көптеген туындылар өте жоғары деңгейде орындалды. Би ұжымдары, негізінен, қазақ билерін сахнаға шығарды, оның ішінде «Жайлауда» («Томирис» би ансамблі, Қызылорда), «Қымызмұрындық» («Арна», Батыс Қазақстан), «Айлалы Алдар көсе» («Томирис», Тараз), «Рухты арулар» («Шернияз», Павлодар) билері, басқа да туындылар бүгінде халқымыздың тарихын, салт-дәстүрін өнер арқылы насихаттауға зор көңіл бөлініп отырғанын көрсетті. Бұл, әрине, бізді қуантады.

Бишілердің өнерін Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, өнертану кандидаты, Қазақ ұлттық хореография академиясының профессоры ТойғанІзімбасқарған қазылар алқасы бағалады. Қазылар алқасының құрамында Нұрсұлу Тапалованың қызы — Тоты Шоқырқызы, ҚР мәдениет қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор Серәлі Тілеубаев,Маңғыстау облыстық филармониясының балетмейстері, «Жорға» би ансамблінің жетекшісі, режиссер-хореограф, Нұрсұлу Тапалова мұрасының іздеушісі Серік Сариев және облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова болды.

Қазылар алқасының шешімімен байқаудың бас жүлдесін Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның «Аққу» би ансамблі жеңіп алды. Өз атынан ұйымдастырылған өнер жарысына бұл ұжымның аса тыңғылықты дайындықпен келгеніне қазылар алқасы ғана емес, қалың көрерменнің де сүйенгенін айта кеткіміз келеді. І орынды — шымкенттік «Қарагөз» би ансамблі, ІІ орынды қызылордалық «Томирис» би ансамблі  жеңіп алды. ІІІ орынға үш ұжым лайық деп танылды: «Пируэт» (Шығыс Қазақстан), «Арна» (Батыс Қазақстан) және «Ақкербез» (Жамбыл облысы) би ансамбльдері. Өзге қатысушылар дипломант атанды. Барлық жүлдегерлер мен дипломанттарға ақшалай сыйлықтар тапсырылды.

Байқау аясында биші шығармашылығына арналған республикалық тәжірибелік конференция, сондай-ақ би ұжымдары үшін шеберлік сағаттары өтті.

Конференцияда Тойған Ізім, Серәлі Тілеубаев сынды ғалымдар, белгілі хореограф Серік Сариев Нұрсұлу шығармашылығының әлі де зерттеле түсуі керектігін баса айтты.

НұрсұлуТапалованыңөнер­­­дегіалғашқыұстазыАлександр Алек­­сандровекені көп айтылады, ал шынмә­ніндеоның балетбишісіретіндебағын ашып, ел­гетанытқанбалетмейстерАлександр Чек­рыгинеді. Нұрсұлу Тапалованы Чекрыгиннің шәкірті санаймыз. Ол 1940 жылыкомпозитор Иван Нодировтың«Көктем»бале­тінсахналағанда, 17 жастағыНұрсұлуғаДариғапартиясынсеніп тапсырды. Тапаловашы­ғармашылығыныңбиікшы­ңы— композитор Борис Асафьевтің«Бақшасарайбұрқағы»ба­летіндегіжаужүрекЗаремарөлі. Оны 1942 жылы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында балетмейстер Юрий Ковалев қойған, — деді ҚазақКСР-ініңеңбексіңіргенартисі, ҚазақұлттықхореографияакадемиясыныңпрофессорыТой­ғанІзім.

Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрындааталмыш партияларды сәтті алып шыққаннан кейін 1945-1953 жылдар аралығында Нұрсұлу Тапалова осы театрдың прима-балеринасы, яғни басты партияларды орындаушы болған. Алайда кейіннен театрға Мәскеуден, Ленинградтан оқып келген кәсіби бишілер жұмысқа алынғандықтан, Нұрсұлу Тапалова филармонияға ауысып, сахнаға халықтық билерді, соның ішінде, әрине, қазақ билерін алып шықты. 1958 жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде ол әзірбайжанның «Шөжелерім» биін асқан шеберлікпен орындап, көрермендер ілтипатына бөленген. Қазақ бишісінің шеберлігін Мәскеудің өнертанушылары, журналистері ерекше атап өтіпті. Сол жылы оған «Құрмет белгісі» ордені берілген.

Ойылдағы би үйірмесінде билеп жүріп, Ахмет Жұбановтың жол сілтеуімен Алматыға келген, кәсіби білім алмаса да, өзінің табиғи талантымен үлкен табыстарға қол жеткізген қазақ қызының мұрасы, өнердегі ерлігі бір кезде ұмытыла жаздап, шынайы өнерге жанашыр жандардың ізденісімен ұрпақ алдында қайта жарқ етті. Сондай жанашырлардың бірі — Серік Сариев. Ол Нұрсұлу Тапалова туралы зерттеу еңбек жазып қана қоймай, Орталық архивте сақталған таспалар арқылы билерін қайта тірілтіп, өзі басқаратын «Жорға» би ансамблінің репертуарына қосты. Жиында Серік Сариев те баяндама жасап, соңынан ресейлік суретші Юлия Кошкина салған Нұрсұлу Тапалованың портретін сыйға тартты.

Байқау аяқталғаннан кейін Тоты Шоқырқызы анасының туған жерінде болып, аудандық Мәдениет үйінде жұртшылықпен кездесті, ойылдықтардың сый-құрметіне бөленді.

…ЖАЛҒАСА БЕРЕДІ!

Тоты ШОҚЫРҚЫЗЫ, Нұрсұлу Тапалованың қызы, «Аққу-2023» республикалық байқауының қазылар алқасының мүшесі:

— Осы байқау мен үшін өте қуанышты оқиға болды. Анамның шығармашылығы, оның аты, мұрасы осылай құрметтеледі деп бір кезде тіпті армандамаған да едім. Менің әкем Шоқыр Бөлтекұлы — «қазақ боксының атасы» атанған адам. Ал анам — қазақтың даңқты бишісі, Қазақ академиялық опера және балет театрының прима-балеринасы болған, асқан талант иесі. Анам 24 жасында Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген артисі атанған. Олар — бар өмірін өз ісіне арнап, атақ-даңқ қумаған, тек адал жолмен жүріп-тұрып, тер төгуді ғана білген жандар. Әдетте талантты, дарынды адамдар тірліктің түрлі ұсақ-түйек мәселелерін күйттеуге, жеке басының қамын ойлауға бейім келмейді.Сондықтан өз заманында әкем мен анамның қоғамнан шетқақпайлық көрген кездері де болды. Алайда халық өзінің талантты перзенттерін ешқашан ұмытпайды екен, мен әкеме, анама деген халықтың ықылас-құрметі уақыт өткен сайын арта беретінін ұқтым.

Анам талантты биші ғана емес, қолында барын жұртпен бөлісуге әрдайым әзір, кеңпейіл жан болатын. Оны кейде «Зарема» деп те атайтын. «Бақшасарай бұрқағы» балетіндегі Зарема бейнесін өте сәтті шығарып, соған орай қалың көрерменнен алған бағасы ғой?Би өнерінің қайраткері Болат Аюхановтың: «Нұрсұлу жаны нәзік, өмірді балетсіз елестете алмайтын адам еді. «Бақшасарай бұрқағында» ол Зареманы әйгілі Галина Улановамен бірге ойнады. Нұрсұлу Зареманы классикалық әзірліксіз орындады. Соған қарамастан, оның Заремасы нағыз шығыс сұлуының өзі болып шықты», — деп баға беруі тегіннен-тегін емес.

Байқау барысында мен анамның ізбасаралары — бүгінгі жас бишілердің өнерін тамашаладым. Анамның ісі де жалғасын таба береді, аты да өлмейді. Осыған көз жеткіздім.

ҰМЫТЫЛМАЙТЫН КЕЗДЕСУ

Сара ТҰРҒАНБЕКОВА, КСРО оқу-ағарту ісінің үздігі:

— Бүгінгі байқаудың болатынын естіп, қатты қуанып, көрермен ретінде келдім. Мен Нұрсұлу Тапалованы өмірде көріп, ол кісімен тілдескен едім. Сол ғажап сәттерге тағы бір ойша оралып, оның атақты биші ғана емес, кеңпейіл, үлкен жүректі адам екенін, туған жеріне деген махаббатын, сағынышын түсіндім. Біздің кездесуіміз 1957 жылы Мәскеуде өткен VI Дүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалі қарсаңында болған еді. Мен ол кезде Орал педагогикалық училищесінде оқимын. Училище жанындағы хор менби үйірмесіне қатысамын. Фестиваль қарсаңында іріктеу жүргізу үшін бүкіл КСРО бойынша жер-жерлерде, соның ішінде Оралда да байқау өтіп, оның жеңімпаздары республикалық байқауға жолдама алдық. Хорда ән салғаннан бөлек, мен сахнаға «Жайдарман», «Балбырауын» билерін алып шықтым.Біздің хорымыз республикалық байқаудың жеңімпазы атанса, ал билерім сәтті шықпаса керек… Бірақ біз өнер көрсеткен күнгі абыр-сабырдың арасында бір кісі маған: «Сізді Нұрсұлу апаңыз шақырады», — деп, бір кабинетке алып жүрді. Әрине, оның өнерін, аты-даңқын сыртынан білемін.Қобалжыңқырап келемін. Кабинетке кіргеніміз сол еді, төр жақтағы үстелде отырған өте әдемі әйел ұшып түрегеліп, маған қарай жүрді. «Өзің талабың бар бала екенсің, әрі біз бір топырақтан шыққан адамдармыз. Сондықтан үлкендік ақыл-кеңесімді айтсам деймін» — деп, мені өнер жолын таңдап, педучилищеден кейін Алматыға оқуға келугешақырды. Ол небәрі 17-18 жастағы, балалықтан әлі арыла қоймаған кезіміз.Өнер жолы арман-қиялымда мүлде жоқ еді. Оның үстіне, Оралда жүргеннің өзінде ауылды қатты сағынатынмын. Сондықтан Нұрсұлу Тапаловаға рақметімді айтып, жылы қоштастық. Кейін туған жерге оралып, кеңес-партия жұмысында, одан соң халық ағарту саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еттім. Ал Нұрсұлу апамыздың ақыл-кеңесін орындай алмасам да, шуақты, мейірімді бейнесі мәңгі есімде қалды. Бұрынырақта мен Ойылдағы өнер ұжымдарының біріне оның есімін беру жөнінде ұсыныс айтқан едім. Енді, міне, аудандық Мәдениет үйіне оның атын беру ісі қолға алынғанын естіп, қуанып отырмын. Бұл — туған жерінің бишіге деген үлкен құрметі.

«БІЗ ҮШІН — МЕКТЕП»

Нұрлан БЕКОВ, И.Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының  «Шернияз» би ансамблінің жетекшісі:

— Біздің ансамбль 2009 жылы құрылған. Осы жылдар ішінде біз өз өңіріміз, өз еліміз ғана емес, Ресей, Франция, Португалия сынды шетелдерде де болып, мыңдаған көрерменнің алдында өнер көрсеттік. Дегенмен мен осындай ел ішіндегі байқауларға шақыруды үлкен қуанышпен қабылдаймын. Өйткені бұл біз үшін  мектеп. Қазіргі қазақ хореографиясыныңалар биігі алда, өзімізді әлемге мойындату үшін бізге әлі де даму, алға ұмтылу, еңбектену керек. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған ұжымдар бір-бірімізден үйренеміз, тәжірибе алмасамыз, пікірлесеміз. Осындай басқосуларда өнерімізді шыңдаумен қоса, өз саламыздың шешілмей жүрген түрлі түйткілдері төңірегінде ақылдасудың да сәті түседі. Мысалы, бұрын бишілер 35 жасында зейнеттік демалысқа шыққан. Бишілік ғұмыр 20 жылдан аспайды, адамның жас шағымен ғана шектеледі. Үлкейген сайын сахнаға шығып, мың бұралып билеу оңайға түспейді. Сахнадан кеткеннен кейін биші жаңа өмірге бейімделе алса, басқа саладан орын таба алса, жақсы. Көкейде жүрген осындай мәселелер де бар…

Байқауға келіп қатысқанымызға ризамыз. Әсіресе бізге Ақтөбе қаласы, оның адамдары, облыстық филармония орналасқанӨнер орталығы ұнады. Осы ғимарат ішіндегі қайнаған тірлікке қарап, Ақтөбеде мәдениетке қолдау барын сезіндік. Лайым солай болғай!

 И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button